Мемлекет басшысы Қазақстан-Польша бизнес-форумына қатысты

Қазақстан мен Польша іскер топтарының 400-ден астам өкілінің қатысуымен өткен форум барысында инвестиция және сауда-экономика саласындағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту жолдары қарастырылды.

Мемлекет басшысы Қазақстан-Польша бизнес-форумына қатысты
Мемлекет басшысы Қазақстан-Польша бизнес-форумына қатысты
Қазақстан мен Польша іскер топтарының 400-ден астам өкілінің қатысуымен өткен форум барысында инвестиция және сауда-экономика саласындағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту жолдары қарастырылды.

Елбасы қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстанның Польшаны Еуропалық Одақтағы сенімді саяси және экономикалық серіктесі ретінде қарастыратынын атап өтті.

– Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымы 2015 жыл қорытындысы бойынша 1,1 млрд болды, бұл қазіргі әлеуетімізді толық көрсете алмайды. Қазақстанның Польшаға экспортында энергия ресурстары, шикізат және химия, көмір өнеркәсібі, қара металлургия, астық пен мақта, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері басым. Польшадан Қазақстанға жеткізілетін негізгі импорт түрлері – электрлік-тұрмыстық құрылғылар мен жабдықтар, химия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы өнімдері, азық-түлік тауарлары, жиһаз. Қазір Қазақстанда Польша азаматтарының қатысумен 100-ден астам кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Бірқатар поляк кәсіпорындары фармацевтика және құрылыс сияқты салалардағы жобаларды жүзеге асыруда. Тағы да ондаған поляк компаниялары бізбен ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін білемін. Бүгінде Қазақстанда поляк компанияларының қатысуымен құны 100 млн доллар болатын 3 жоба жүзеге асырылып жатыр, – деді Қазақстан Президенті.

 Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Қазақстанды поляктардың шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тәжірибесі қызықтыратынын айтты.

– Біз мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып санатын шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетудеміз. Кәсіпкерлерге көмектесу үшін бизнеске қолайлы жағдайлар туғызуға бағытталған ұлттық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлерге атаулы көмек көрсететін «Даму» атты кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қоры жұмыс істейді. Бізді сіздердің агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, көлік және логистика, энергетика, фармацевтика салаларындағы тәжірибелеріңіз қызықтырады. Мен екі елдің бизнес өкілдерін қызықтыруы мүмкін бірнеше саланы ғана атап өттім. Бұл ретте Польша үкіметі қабылдаған Перспективалы нарықтарды игерудің 2013-2016 жылдарға арналған бағдарламасының әлеуетін белсендірек пайдалану қажет. Онда Қазақстан Бразилия, Канада, Түркия және Алжирмен бірге перспективалы бес экономикалық нарықтың бірі ретінде көрсетілген. Бұдан бөлек, Польшада біздің елмен бірқатар саладағы ынтымақтастық туралы арнаулы бағдарламалар жүзеге асырылуда, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті биыл жыл соңында Брюссельде өтетін ЕАЭО мен Еуропалық Одақ арасындағы конференцияны еске сала отырып, интеграциялық бірлестіктер арасындағы ынтымақтастықты жолға қою қажеттігіне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев инвестициялық тартымдылықтың жаңа деңгейіне көтерілу үшін Қазақстанда қандай жұмыстар жасалып жатқанына, оның ішінде Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі ұлт жоспары – 100 нақты қадам және индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі шараларға тоқталды.

Елбасы екі елдің көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан, Польша және Ресей арасында көлік саласындағы үшжақты келісімді пысықтау және Кавказ транзиттік дәлізін пайдалану жөнінде бастама көтерді.

Соңында Мемлекет басшысы бизнес-форум екі ел бизнесінің өзара тиімді серіктестігі үшін жаңа перспективаларға жол ашады деп үміттенетін жеткізді және поляк іскер топтары өкілдерін еліміздегі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына белсене атсалысуға шақырды.

akorda.kz